Өлең, жыр, ақындар

Құлшындың тәуелсіздік таңы атқанда

  • admin
  • 01.01.2025
  • 0
  • 0
  • 240
(Шота Уәлихановқа)

Әй, Шота!
Келіп қалдық сексенге де,
Сонша көп уақыт қайда кеткен деме.
Саңлақсың, біткен ісің ұлан-ғайыр,
Дәлірек есептесек, сексен кеме.
Бабаңды үлгі тұтып шарықтадың,
Көрсеттің Шоқанға ұқсас анық дарын.
Таспен де, көркем сөзбен дәл жеткіздің
Бейнесін аңсап өткен халық қамын.
Мәскеуден оқып шығып, лаулап жандың,
Шың, қия, бөгеттерді талмай алдың.
Орнатсаң «Тәуелсіздік монументін»,
Жебеді аруағы Абылай ханның.
Өмірді кешіп жүрген кең көшемен,
Мен сендей шын қазанат ерге сенем.
Бұйырды тәуелсіздік таңы атқанда
Шын үздік Елтаңбасы елге сенен.
Шалқытқан ұлт рухын ғұрып көрдің,
Ел кешкен сан сұмдықты ұғып келдің.
Атомдық алапатқа қазақ кешкен
Семейде зор ескерткіш құрып бердің.
Көп сыр бар бұл ескерткіш ар жағында,
Көндірді империя зар қағуға.
Үндемей, біліп-білмей, ескі билік
Қалдырды аймақты атом қармағында.
Сынақтар, жарылыстар ажал жайып
Жатқанда
Қарсы амал табар лайық
Күн туды:
Полигонның өшірді үнін
Тәуелсіздік сардары Назарбаев.
Байқалды, Шота, ерен төселгенің,
Атомға төтеп берді нөсер лебің.
Ана отыр от ішінде бала емізіп,
Жеткізер мәңгілікке осы еңбегің.
Құлагер шапқан ізін көргені бар,
Тұлпарсың дамыл таппас, өрге құмар.
Досым деп бірге оқыған мақтан етем,
Нар тұлға елге сіңген еңбегі бар.
Атомдық зардап шеккен сан кісі бар,
Салып тұр Хиросимо қарғысы зар.
Өзім де от-жалынды кешіп өстім,
Ел үшін, Семей үшін алғысымды ал!
Құрдассың, оны ұмыту қайда маған?!
Жайлау жоқ жалғанда сен жайламаған.
Менен жас көрінесің, ол өмірде
Арулар алғысы ғой аймалаған.
Білемін жастық қайтып оралмасын,
Белгілі «қырғын тентек» бола алмасың.
Әйтеуір, әйел көрсең әлек болар
Мінезің Құдай берген жоғалмасын!
Әлі де жоқ бетіңде әжімдерің,
Аруға балдай жағар назың сенің.
Тоқсанның тоғайына жетсек-дағы,
Тоқталмас саған айтар әзілдерім.
Сексенің құтты болсын, Шота, сенің!
Дән риза саған елім, ата-тегің.
Немере-шөберелер ортасында
Зинамен көп жаса деп артам сенім!

27.04.2012.
Алматы



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Кедейлікті игеру де даналық

  • 0
  • 0

Кедейлікті игеру де даналық
Рудакидің еліне келдім дәм жазып,
Таулар­ау, таулар!
Кәкімбек Салықов

Толық

Абай айтқан...

  • 0
  • 0

Абай айтқан...
Ұмыт болып қалғандай түсің көрген,
Тас та тозар даналар мүсінделген.
Кәкімбек Салықов

Толық

Сәуірдегі Көкшетау

  • 0
  • 0

Сәуірдегі Көкшетау - Кәкімбек Салықов
Көкшетауды аңсап келіп тапқандай,
Ақша бұлттар ағындайды ақ маңдай.
Елестейді пейіштегі Құлагер

Толық

Қарап көріңіз