Сырымбеттегі тебіреніс – Кәкімбек Салықов

Бұл бетте «Сырымбеттегі тебіреніс» атты Кәкімбек Салықов жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Жарқ етті, әне, Сырымбет,
Құлагер қуып жетердей,
Ақан сері күлімдеп,
Ақтоты үнсіз өтердей.
Аспаннан тамды ән үзім,
Қарағай, қайың балбырап.
Айтылмай жүрген арызым
Кеудеден шықты ән құрап.
Қоскөлде әнші аққу-қаз,
Секілді қиял-ертегі.
Қосылып бәрі айтып наз,
Сен жайлы сырын шертеді.
Тоғайда тоты мұңданып,
Тамылжып тәтті үн тамды.
Бетіңдей қызыл нұрланып,
Қызара бөртіп гүл жанды.
Көшкен бұлт селдеп өтердей,
Исінді тауға жиылып.
Төгіліп өлең көкейде,
Жаңбырша жаудым құйылып.
Шабытшыл жаны гүлдемей,
Әуреге мені салардай,
Сырымбет тұрды үндемей,
Қасымнан сені таба алмай.

1990


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері