Өлең, жыр, ақындар

"Автобустағы оқиға"

Автобустағы оқиға
Автобустың іші ыстық. Адам лық толы. Қолындағы таяғы бар әже кіріп келгенде, кейбір жастардың көңіл күйі бұзылды. Ыстық орындарынан айырылып, тұрып тұрғылары келмеді. Бір-біріне қарап қояды. «Мен емес, өзге біреу берсе екен» деген үміттің оты өшпейді. Бірі «өмірде бәрі маған қарыз, жақсылық істеп нем бар» деген ұстанымда болса, бірі «ұят болады, ертең жастар орын бермейді деп айтады ғой» деп, тығырыққа тіреліп отыр. Мен бірден атып тұрып:
- Әже, отырыңыз, - деп орын бердім. Ойымда ұят деген ой емес, сыйластық деген ой ғана болды.
Көңілдері көтеріліп, ыстық орындарынан айрылмағандарына қуанғандай көрінді. Жастық шақта «мен, мен бәрін білемін» деп жалындап тұрып, өз қателіктерін көрмейтін, мойындамайтын, өзін-өзі қабылдамайтындар көп болады.» Жастық шақ «өзгені ойлау үшін, өз рахатыңа өмір сүру үшін берілген» деп кеудесіне нан пісірген жастар да кездеседі. Алайда өмірде жаман адамнан гөрі, жақсысы көбірек емес пе?
Қасымдағы бойжеткеннің әтірінің иісі ащы екен, бірден басым ауыра бастады. Оң жағымдағы қыздың әтірінің иісі жұпар, хош иісті екен. Әтірлердің иісіне булығып тұрғанда, бір жаңа ой келді. Адамдардың өмірге деген көзқарастары да осы әтірлердің иісі секілді емес пе? Маған бойжеткеннің әтірінің иісі ұнамады, мен оған айттым, алайда өзгеріс бола ма? Жоқ, әркім өз көзқарасында қалады ғой. Біреуге жұпар, тәтті иіс ұнауы мүмкін, біреудің әтірінің иісі ащы, цитрусты болуы мүмкін. Адамның көзқарасы секілді. Біреудің ойы сенікімен сәйкес келмесе, оның көзқарасы басқа болса, оған ренжіп, ашуға булығып, өзіңдікін дұрыс деп, жеме-жемге келгенде, ұрсып қаласың. Осы сәтте әтірдің иісін есіңе түсірші, әлемде әтірдің алма, раушан, лимон, теңіз бризі секілді иістері болса, 7 млрд адамның ойының бір жерден шығуы мүмкін бе? Бәрі бірдей бір әтірді таңдай ма? Жоқ, сондықтан өзгенің ойы сенікімен тоғыспаса, айып етпе, бұл әбестік емес, бұны норма деп қабылдаған жөн.
4-5 аялдамадан кейін бір тәте мінді. Тәтеміздің құлағында телефон. Дауысы жер жарады:
- Иә, естідің бе? Байдан қайтып келіпті ғой. Бір-екі рет қол көтерген дей ме? Иә, біз баймыз, бізге де бай жолықты деп кеудесіне нан пісіріп еді ғой Жәмилә. Сол керек.... Айтпа, қол көтерген, ішіп келген, соған бола ажыраса ма? Ойбай, өзіміз талайына шыдадық қой, елден ұят емес пе?... Ә, Нұриланың балалары шетелде қыдырып жүр ме? Ой, сол шетелде не бар? Ақшаларын шашып, өзіміз жүрміз ғой Қазақстанның басқа қалаларына жете алмай, ит өлген жердей, анау ұшағыңа билет қымбат, удай ғой бағасы... Е, шетелге табандарын тигізіп, ақшасын жеткізетіндей не істейді екен? ... Ә, иә, сол елдің ақшасы ұрлаған шығар, әйтпесе ақша қайдан болсын? ....
Тәтенің жүзі өзгені жамандаған сайын құлпыра түседі, екі езуі екі құлағына жетіп, сүйектерін жуып жатыр.
Мына апайдың әңгімесінде қазақтың көреалмаушылығы, іштарлығы аңқып тұр ғой. «Біріңді қазақ бірің дос көрмесең істің бәрі бос», - деп Абай атамыз ашынғаннан айтқан екен. Иә, бірімізді қолдаған абзал.
«Қазақ радиосы – ғасыр құрдасы» деп елорданың автобусы өз аялдамасына тоқтады. Бір уақытта есік ашылып, үріп ауызға салғандай бойжеткен мінді, бәлкім жасы 22-23 жаста болар. Алайда қазіргі жастардың жасын ажырату да қиын болып барады. Жанарым оның мөлдіреген жанарымен тоғысқанда, жүрегімнен тоқ өткендей болды, шымырлап қояды, ақылым өзіме бағынбайды, тек жүрегім дүрс-дүрс соғады. Құлағына құлаққабын салып, әсем әуеннің етегінде келе жатқандай. Алға жылжып, жанына барып, әңгіме-дүкен құрайын десем, автобус лық толы. Содан оның түсетін аялдамасын күте бастадым. Жұмысыма кешігіп барсам, басшыма: «Бір айдай сұлу қызға ғашық болдым, соның аялдамасынан түсіп, жүрегін жаулаға амал жасадым», -деймін бе? Автобусым сынып қалды. Таксиді көп күтіп қалдым. Кептелісте көп тұрып қалдым. Осы сылтаудың қайсысы басшымның көңілінен шығады екен?
Автобус зырғып барады. 5-6 аялдамадан кейін сұлу бойжеткен түсті, мен де аялдамадан түсіп, артынан сәл баяу жүре бастадым. Қалай жақындасам екен? Әңгімені қалай бастасам екен?
- Қыз Жібектің сіңлісі, Баян Сұлудың құрбысы, айдай сұлу, күндей көркем етіп сізді жаратқан Алланың құдіреті шексіз ғой. Жігіттерден күнде комплимент естейтін сіздей арудың басқа арманы жоқ шығар! – деп бастадым әңгімені. Бірден:
- Алпамыс, - деп қолымды создым.
- Адамның арманы таусылған ба? Арманның түбіне жеткені бар ма? Армансыз адам ормансыз құс секілді емес пе? Есімім – Айсұлу, - деді қыз. Алайда жігіттің көзіне тік қарамады.
Жанарыма қиығын салмағаны әрине жаныма батты. Бірақ мен бұны қазақ қызына тән сыпайылық пен ұяңдық деп білдім.
- Сізбен танысуға бола ма? – деп әңгімені өрбіттім.
- Егер де ертең дәл осы автобуста дәл осы уақытта жолығатын болсақ, келісемін, - деді ару қыз.
Келесі күні автобусқа асыға міндім. Сұлуымды көргенше асықтым. Арада үш күн өтті. Айсұлу автобусқа мінбеді. «Жүздесерміз» деген үміт оты өше бастады. Не істесем екен? Төртінші күні жанарым оның жанарымен автобуста қайта тоғысты. Бөркімді аспанға лақтырдым. Аллаға шүкіршілік айттым. Ғашығымның неліктен автобусбен жүрмегендігінің себебін де білдім. Анасын ауруханаға апарыпты. Содан бірнеше күн басқа уақытта мінген екен. «Адамның басы – Алланың добы», - дейді. Бірақ Алланың ұлылығы сонша ол маған сүйіктіммен қайта қауышуға мүмкіндік берді.
Ең алғашқы кездесуіміз саябақта өтті. Таза ауа, әсем көрініс және жүректегі лаулаған сезім. Романтика емес пе?! Саябақта ағаштар өсіп тұратын. Сол ағаштардың бұтақтарының жанынан өткенде, көзге тиеді. Ақырын барып, сол бұтақтарды қолыммен итеріп, ғашығымның көзіне тиіп кетпеуін бақыладым. Бұл жағдайды Айсұлу былай есіне алады. «Әрине де жігіттен қымбат сыйлық алғанда, өзгелер бұны қамқорлық деп қабылдайды, назар аударды деп ойлайды. Алайда нағыз қамқорлық деген не екенін білесіз бе? Саябақта серуендеп жүргенде, ағаштың бұтағы сенің көзіңе тимесін, денсаулығыңа зақым келмесін деп шыр айналып, өзінің қолымен сол бұтақтарды жылжытып жүрген ғашығың. Жігіттің бұл іс-әрекеті нағыз қамқорлық»
Ол уақытта мен қаражаттан сәл қиналатын едім. Қанша ұнатсам да, жүрегімде сезім оты алаулап бара жатса да, елу бір, жүз бір раушан гүлін алуға шамам келмеді. Ол дегеніміз Айсұлу бұған лайық деген сөз емес. Ол гүлдің алуантүрлілігіне, қымбатына, көптігіне лайық. Алайда қаражатым жетпеді. Он бір раушан гүлін ұсындым. Оның көздерінің жайнағанын, балаша қуанғанын көрсеңіз ғой. Гүлдердің аңқыған иісін деммен бір жұтып, «Рақмет» деп сызылады.
Осы кезде есіме студенттік шақтағы оқиға түсті. Бір қызға ғашық едім. Ғашық болғаным сонша – ол қызға сөз салған жігіттің көп екенін білгендіктен, мен жеткізуші қызметіне тұрып, ақша жинай бастадым. Бар ойым – қызға қымбат сыйлық жасау, жүрегінен орын алу. 51 раушан гүлін сатып алып, апардым. Сондағы қыздың маған таққан айыбы: «Өзіңнің күшің жетпейтін жерге не деп араласасың? Сенсіз де сөз салып жүргендер көп. Саны жағынан қалдың, өзгелер 101 раушан гүлін беруде. Сапасы жағынан да мынауың не? Түсін-ай. Қанығын алмайсың ба? Амал жоқ, алайын, алайда үмітіңді үз, сүйгенім бар». Есікті тарс еткізіп жаба салды. Сол кезде жүрегіме қаяу түсті. Сол қыз үшін қыстың қақаған аязында жеткізуші болдым емес пе? Бар тапқан таянғаныма сол қызға гүл алдым, анама емес. Өкінішті. Не анама гүл жоқ, не берген гүлімді қыз сый деп те қабылдамады. Қанағаттың жоқтығынан ба, санасының таяздығынан ба? Бәлкім себебі басқа да болар. Оны сынайтындай мен кіммін? Алла тағала мені бір қиындықтан құтқарған болар.
Екінші кездесуде «рухани жаңғырайық» деп театрды ұсынды. «Сүйікті етші, сүйіктім» атты премьераға бардық. Махаббат хикаясы. Жігіт пен қыздың әрбір сөзі, махабатының күші, біздің махаббаттай еді. Көріністе айтылған «жаным, күнім, айым, Алланың берген аманаты» деген сөздер сезімімді өршіте түсті. Әрбір сөз сайын оның жанарына қарай бердім, қара шашының иісі елітіп, жүрегімді ерітіп барады. Әлде шынайы ғашықтық шынымен осындай ұлы сезімдерді тудыра ма? Алайда дәл қазір қалай айтам? Ол әдептілікті сақтап, қызға тән ұяңдықпен арасында ғана көзінің қиығын салады. Сол сәтте жүрегіме найзаның оғы қадалғандай болады.
Үшінші кездесу – киноға бардық. Білесіз бе? Осы үшінші кездесуде біз алғаш рет қол ұстастық. Сол кезде ол менің көзіме тік қарады. Мөлдіреген жанары-ай. Сол тұңғиыққа басып кете жаздадым.
Оныншы рет кездесерде, екеуміз де сапарда болып, Алматыда Шымбұлықтың шыңында кездестік. Үш ай ғана өтті. Адамдар үш айда адамды тану мүмкін емес деп ойлауы мүмкін. Ал ендеше неліктен 5-6 жыл бір-бірін танып, жұптасқандар отбасын құрмайды? Адамды толық тану мүмкін бе? Тіпті кейде 5-10 жыл бір-бірін танып келе жатқан адамдар, кейін бір-біріне бір-ақ күнде бөтен болады емес пе? Мен өз махаббатымды, тағдырымды Аллаға тапсырдым. Әрекет менен, ал салиқалы ұрпақ болу нәтижесі Алладан.
Содан бері бес жыл өтіпті. Қазір біздің кішкентай екі балапанымыз бар. Ертең осы балапандарымыз өскен кезде. «Әкешім, анаммен қалай таныстырыңыздар», - деп сұрақ қойса, осы хикаямды баяндаймын. Неге екенін білесіз бе? Себебі қарапайым баспа қызметкері бола тұра, махаббаттың, ұлы сезімнің күшімен жазушылықты талантымды аштым, шыңдадым. Қазір өз баспам бар, сонымен қатар, елге танымал жазушы болдым.
Қазіргі таңда Айсұлу екеуміз Аллаға шүкір молшылықта өмір сүреміз. Астымызда бір-бір тұлпар болса да, дәл сол танысқан күнді еске алып, дәл сол күні дәл сол автобусқа отырып, сол аялдамадан түсіп, әлі күнге дейін саябақты ұзақ аралаймыз. Махаббатың ұлы күші дейін бе? Бізге сондай мөлдір махаббатты сыйлаған Алла неткен керемет, неткен ұлық!





Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз