Бақыты үшін баланың
Бұл бетте «Бақыты үшін баланың» атты Сырбай Мәуленов жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.
(Дүйсенге)
Майданнан алғаш келдім де,
Көйлекті тастап, жуындым.
Жаралы қолды көрді де,
Сұрауы болды ұлымның:
— Папа, сенің сол қолың
Неге тыртық соншама?
Састырды мені бұл жолы,
Тым кіштентай болса да.
Үндемей қалдым түйіліп,
Алдымнан өтті ауыр күн;
Далақтап дауыл жүгіріп,
Жалақтап тілі жалынның.
— Тұрып еді бір зілді
Соғыс бұлты сұрлана.
Қорғағанда өзіңді,
Түскен еді бұл жара.
Әбден ұғып жас жаны,
Тұрғандай:— жоқ дауым,— деп,
Өзі байлай бастады,
Ботинкамның бауын кеп.
Өзі қолдан кигізіп,
Папасының жейдесін.
Бетінен бір сүйгізіп,
Өзі салды түймесін.
Кезек сүйіп көзінен
Қуана қарап мен тұрдым.
Дедім отты сезіммен:
— Бақытыңа кепілмін!
1952
- Бенедикт Спиноза
- Ясунари Кавабата
- Мұстафа Шоқай
- Абай Құнанбайұлы
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі