Қарталы – Сырбай Мәуленов

Бұл бетте «Қарталы» атты Сырбай Мәуленов жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 07.02.2016
  • 0
  • 0
  • 2106
Солтүстікте бір жер бар
Аты оның Қарталы.
Қайда жүрсем Қарталы
Қиялымды тартады.
Аз ғой онда жазық маң,
Көп қой онда ормандар.
Тастамайды аузынан
Қарталыда болғандар.
Есетұғын қырынан
Қоңыр салқын кеш лебі.
Жүретұғын құрбылар
Көйлектері кестелі.
Жылы жүзді өздері
Және сондай бауырмал.
Шақыратын біздерді
Украин бауырлар.
Судыр-судыр қара орман
Сыбырлайтын кеш әнін.
Тыңдайтынбыз олардан
Өлеңдерін Лесяның.
Қалатынбыз біз білмей,
Өткендігін қалай түн.
Жалғасатын үзілмей,
Жыры Тарас, Абайдың.
Қарталыға құмартып,
Соға кеттім былтыр мен.
Құрбыларым гүл тартып,
Құшақ жайды күлкімен.
1953


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері