Өмірімнен мағына іздеп жүрсем
Өз өзімді түсінбей жүрмін мүлде,
Өкпелі де емес ем күн мен түнге.
Болмысымның қазіргі құны қандай?
Кімге тікен, кімге шөп, гүлмін кімге?
Көңілімнің қайнай ма миы кейде,
Ойға шомған минуттар жиілей ме?
Өмірімнен мағына іздеп жүрсем,
Мені біреу Тәңірдің сыйы дей ме?
Қуанттым ба, біреуді жылаттым ба?
Жек көрдім бе жоқ әлде ұнаттым ба?
Қараңғыда жылт еткен жарық болып,
Жылы сөзбен дем беріп жұбаттым ба?
Қарайласам, артымда қарбалас күн,
Бірде тоқтап, ал бірде алға бастым.
Мынау бес күн шынында жалған болса,
Керегі не дәл осы жанталастың?
Жүректерге үңілдім, әркім жүдеу,
Тек иманнан іздейді алтын тіреу.
Пендешілік жасайды өмір ғой деп,
Періште деп ойлайды бәлкім біреу...
Бірде көкте, бірде жер, сенделерміз,
Хақ сөзімен бір күні емделерміз.
Тартысы көп, байлам жоқ заманада,
Періште бола алмаған пенделерміз...
- Нарша Булгакбаев
- Нарша Булгакбаев
-
- Архимед
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі