Үндемейсің, үндемейміз, үнсізбіз
Бұл бетте «Үндемейсің, үндемейміз, үнсізбіз» атты Айгүл Қадыр жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.
Үндемейсің, үндемеймін, үнсізбіз,
Көңілдерде тоғысады мұңсыз күз.
Түйсінсек те іштегі бір алауды,
Үшеуміз де тіл қатпаймыз түн, сіз, біз.
Баяу ғана салқын самал еседі,
Ол да түннің серігі ғой кешегі.
Біздегі осы үнсіздіктің түйінін,
Арадағы шақырымдар шешеді.
Сен жазбадың, мен жазбадым, жазбадық,
Хат жазуды етіппіз-ау аз машық.
Сәуірдегі сынық жауын секілді,
Кірпіктерге іліндірген азба шық?
Жұлдыз шықты, Айдан сұрап көрімдік,
Біз де оларға бөтендеу боп көріндік.
Тіл қатпастан бірімізге біріміз,
Бір өлеңге ұйқас болып өрілдік.
Талайларды басқанындай тақымға,
Сезім деген сыйя бермес ақылға.
Айтпай қойсам, жазбай қойсам, алай да,
Сен үнсіздік танытпашы, мақұл ма?
Айгүл Қадыр
Өте жақсы ! Өзінің ғана емес,Менің де сезіміме де Ой салды ,Өнерің , өлеңің өрге жүзсін!
Тамаша
Сәуір, түн, самал жел, үнсіздікте қиналып жатқан жаным. Қалай тура келе қалды поэзияңыз🥹
Бұл өлең өте нәзік сезіммен жазылған, үнсіздік арқылы ішкі күйді дәл жеткізетін туынды екен.