Өлім мұнарасы – Сырбай Мәуленов

Бұл бетте «Өлім мұнарасы» атты Сырбай Мәуленов жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 07.02.2016
  • 0
  • 0
  • 2229
Бұхарада мұнара
Қаһарлы хан соқтырған.
Елге апат боп бұл ара,
Болған онда кеп құрбан.
Талай ерін кезеріп,
Төккен көздің жастарын.
Өзі тасып, өзі өріп,
Қалаған ел тастарын.
Сөйтіп халық қолымен,
Өз ажалын сайлаған.
Хан шұбыртып тобымен,
Жұртты өлімге айдаған.
Тоймай ажал ындыны,
Кернейлеткен күн ұзақ.
Күнәсі жоқ сорлыны,
Қылғындырған қыл дұзақ.
Қандай қызыл шарапты,
Сіміріп ап толтырып:
Талай оған қарапты
Хан тағында отырып.
Кесіп жолын өмірдің,
Батып қанға — күнәға.
Мұнарасы өлімнің
Атанған бұл мұраға.
Тез кете алмай жанынан,
Аялдайсың кідіріп,
Өтеді көз алдыңнан
Қанды жылдар шұбырып.
1956


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері