Мен жайлы
Мен жайлы
Білмеймін, неге сонша жаным нәзік?
Тамшылар әсерленсем жасым ағып.
Бір ауыз жылы сөзге құстай ұшып,
Бір суық көзқарастан кетем азып...
Адамға тым жұмсақтық танытамын,
Жаралап қоймайын деп сөзбен жанын.
Осынау кеңдігімнен пайдаланып,
Көп адам тигізіпті өз зиянын.
Не жазсам да мінсіз ғып жазамын деп,
Кететін кезім жиі жадап, жүдеп.
Тапсырыс берушінің көңілінен -
Жүз пайыз шыққан өлең, мақалам көп!
Бірақ та бұл жұмыстан байымадым,
Пайдасыз құр арманды не қыламын?
Бір күні байлық қуып кетемін-ау,
Ақшасыз кімге керек шайыр, ақын?!
Талантымды мойындап жатса да іштей,
Орамалым кей жанға тікенектей..
Сеніміме жағады қара батпақ -
Болмағаным үшін дәл өздеріндей!
Құдайдан биік тұрған тәкаппарлық,
Барады өмірімді қысып, тар ғып.
Жолатпасаң жолатпа мекемеңе,
Жомарт Раззақ ризыққа етпес тарлық.
Қос қолға табылар-ау талай жұмыс,
Ал, жазбам - елге берген сауапты іс.
Қазақтың әдебиеті бір ақынға -
Толықса, несі жаман, несі бұрыс?!
Бір күні дәріптер-ау мені де ел,
Қойылымым сахналанып, көрсетілер.
Жырларымды жас ұрпақ жатқа оқып,
Есіміммен аталар мекемелер...
Бірақ та оның неге керегі бар?
Өлген жан бос мақтауға болмас құмар.
"Мұқағали, Абайдай ақын" - болған,
Дейтін бір зерттеушілер және шығар.
Не десе де өліге қажетсіз іс,
Мен - пенде, өзгелерден артық емес.
Жаратқан берген қабілет себебімен,
Шабыттанып жазыппын шұрайлы сөз.
Бұл сөздің бірақ қазір пайдасы аз,
Оранған ақынды ешкім қажет қылмас.
Өмірден өткеннен соң, дәріптеліп..
Тіріде көзге сүйел болармын рас!
Гүлмекен Қасенбайқызы
09.03.2026
- Есбол Бозан
- Виктор Франкл
- Оразбай Сарыбаев
- Оразбай Сарыбаев
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі