Сыншы-ақ – Ілияс Жансүгіров

Бұл бетте «Сыншы-ақ» атты Ілияс Жансүгіров жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

(Еркін аударма)

Тоғайдағы бір есек жолықты бір күн бұлбұлға;
Тәтті тілді, мұнды үнді жолықты бұлбұл бұл қуға.
Есек айтты: «Бір сайра! Шығар екен не пайда?
Рас па екен сынайын, мақтаушы ед әркім, әрқайда».
Салды бұлбұл енді әнге, құйқылжытқан келді әнге,
Тау менен тас мұңданып, арғы мен салды бергі әнге.
Қоян, қозы, қой, қасқыр, тоқтап қалды жел де әнге;
Ағаш, тоғай қуанып, ап кетті ерітіп жерді әнге.
Жан-жануар таңырқап, тамсандырды елді әнге;
Тоқсан толғап қайырып, тоқтады барып әреңге.
«Жарайсың!» – деді сонда есек, –
Сен де тәуір зарлы-ақсың,
Әттегене-ай, бишара-ай, қораздан тәлім алмапсың,
Оны дағды қылмасаң, әшейін-ақ шалжақсың».
Дегенде бұлбұл мұңайды, ұшып кетіп жылайды:
«Тәңір жазған екен ғой сынға мұндай сұмырайды».


Пікірлер (2)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері