Бұл бетте «Киік» атты Сырбай Мәуленов жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.
Келеді киік тобымен,
Келеді құлап дөнестен.
Келеді дала жонымен,
Қуалай қуып жел ескен.
Бәрібір оған жар, адыр,
Не керек жолдың төтесі.
Бәрі ұйқыда. Қарауыл —
Күзетте жалғыз текесі.
Қалғиды қалқан құлақпен,
Ұйқыда бәрі тым-тырыс.
Түртеді теке тұяқпен,
Шыға қалса бір дыбыс.
Суаттың суы мол емес,
Суылдай берер құрақтар.
Ойыны бейне төбелес
Алысады лақтар.
Сүзісе қалған сол бір кез
Тетелес өскен ұл-қыздай.
Құралай көз, мөлдір көз
Жарқ етер сонда жұлдыздай.
Атылып көкке секірді,
Бойында бір күш сиқырлы.
Өзіңнің балаң секілді,
Ол-дағы саған сүйкімді.
1956
- Серік Қирабаев
- Мұхтар Әуезов
- Міржақып Дулатұлы
- Сәкен Сейфуллин
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі