Мағжан менің алыбым – serikovernar2009

Бұл бетте «Мағжан менің алыбым» атты serikovernar2009 жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Жанымды жегі жейді, байқалмай мұң,
Қара сөзбен қатырып айта алмаймын.
Қалам берші қолыма, қалам берші,
Мағжаным деп жекіріп айқайлайын.

Ұлтым қайда Мағжандай елім демек?
Тұлға дермін өзіңді елден ерек.
Күш жігермен суғарған ағашыңды
Жатыр бүгін күллі әлем көлеңкелеп.

Жерде аяғың болса егер, көкте демің,
Ертегіні ертеңің еткен едің.
Алашымның алыбы, алпауытым,
Алпыс құлаш татитын көк терегім.

Үңіліумен куәмін жағдайыңа,
Ана сүті біткелі таңдайыма.
Тек бір сұрақ көкейді тесіп жатқан:
Бақ па? Сор ма? Жазылған маңдайыңа?

Шуақты шолпан жұлдыз нұрындайсың,
Жыр жолымен жүріңдер, жығылмайсың.
Жүрегімнің түбінде өрнектелген
Адалдықтың ақ жібек туындайсың.

Дара сезім демеуі ғаламаттың,
Ал сезімнің жағдайын қарамақ кім?
Лириканың шыңына атын жазған
Мағжан дермін символы махаббаттың.

Жырларыңды оқумен көп түнегем,
Көлеңкесін паналап көкшіл емен.
Сен жастардың лаулаған жалынысың,
Биіктердің биігі, көк тіреген.

Мен құрбанмын жолыңда тиярымның,
Ізгілікті бойыңнан жияды ұлың.
Поэзия пырағы өзің десем,
Түген қалған мен сенің тұяғыңмын.


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз

Ұқсас өлеңдер

Басқа да жазбалар