Сайран да салған сайран күн

Бұл бетте «Сайран да салған сайран күн» атты Динара Мәлікова жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Сайран да салған сайран күн,
Есімді алып еліткен.
Көзімнен ұшқан қайран күн,
Қыз-жүрегімді еріткен.
Талайдың көзін сүрінтіп,
Көңілінде жүрген қыз едік.
Қабырғасын ердің бүгілтіп,
Көкірегінде қалған күз едік...
Ерніне салып естелік,
Бал болып тамған сөздер-ай...
Кездесуге де кеш келіп,
Төзімін үзер кездер-ай...
Жанына дерт боп жабысып,
Жігітке болдық арман-қыз.
Тәнімен түн боп алысып,
Әйел боп әзер қалғанбыз...
Жүректе қалды сызат-мұң,
Уақытқа сендік өтпелі.
Жылайтын болдық ұзақ-түн,
Аллаға айтып өкпені...
Ол мұңның бәрі мөлдір ед,
Махаббат еді желісі...
Бұл күнгі жарым кім білед,
...Сол сезімдердің жеңісі...


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері