Дәурен құрсақ мекенінде арманның – Манарбек Қарекенов

Бұл бетте «Дәурен құрсақ мекенінде арманның» атты Манарбек Қарекенов жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Жаз көбелек барасың-ау жылыстап,
Жапырақтар құлайды әлі уыстап.
Тоналады көйлегінен күні ертең,
Маусым сайын түрі өзгерген тыныш бақ.

...Кел, сұлуым, біз де қарап қалмайық,
Көркем жаздың әлемін бір шарлайық.
Қол ұстасып бірнеше күн ғаламат,
Бал шақтарды екеумізге арнайық.
Өзен, теңіз тұнығында жүзейік,
Су маржанын тереңінен сүзейік.
Елік, бөкен жайылымын аралап,
Киіктердің жағдайын да білейік.

Бір-ақ сәтте көздеріміз байланып,
Жердің жүзін мың бір есе айналып,
Сен ханшайым, мен сиқыршы боп кетсек,
Түстік асты ішер баппен сайланып.

Ие болған бар байлығын жердегі,
Бөліп берсек кедейлерге елдегі.
Даналығым таң қалдырып өзгені,
Жомарттыққа таң қалса жұрт сендегі.

Төрелігін айтып кейіс жандардың,
Әділдігін тапсақ бес күн жалғанның.
Ең болмаса жаз біткенше екеуміз,
Дәурен құрсақ мекенінде арманның...


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері