Іссапар – Манарбек Қарекенов

Бұл бетте «Іссапар» атты Манарбек Қарекенов жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Затымды жинап жатырмын, жүректі жұлқи қимастық.
Кішкентай ұлым көмекшім, құлдыраңдайды «жинасып».
Көзінше оның батырмын, ішімде дауыл-бораным,
Сапарлап бара жатырмын. Қайдан білсін, бұл бастық?!

Құлақшынның құлағын, бұрап бірде ойнайды.
Маңдайдағы жұлдызын тартқылайды, қарайды.
Былғары белбеу байқаймын шынымен де ұнады,
Пагонымды жұлқылап, жұлдыздарын санайды.

Жүктерімді аралай, бөлме ішін кезіп жүр,
Танысады бәрімен, бәрі қызық кезі бұл.
Қан тобының белгісін, сипап қойып жайменен,
Бірдей қаннан екенін жүрегімен сезіп тұр!

Қоштасарда түсінді, келмесімді әзірге,
Жылай бірге жүгірді, ілесіп-ап дәлізге.
Әлсіз, жұмсақ саусағы, тартқылайды қолымды.
Білсе ғой ол күйімді, сағынып тұрған қазір де.

Сен әзірге жастаусың, ақыл айтар қонымды,
Түсіндірем мен әлі танып ал оң мен солыңды.
Отан қорғар әкеңді мақтан етіп жүрерсің,
Қызметімнен сен адал бөгемегің жолымды.

Жүйрік уақыт жылыстай жыл артынан жыл өтер,
Аман болсын басымыз, келер кезің ер жетер.
Қызметті ел үшін орындайтын жырақта,
Бөлтірігім кішкентай өмір өзі үйретер!


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері