Қар жауыпты түнімен – Манарбек Қарекенов

Бұл бетте «Қар жауыпты түнімен» атты Манарбек Қарекенов жазған табиғат туралы өлең берілген.

Қар жауыпты түнімен... Қалам аппақ.
Бүгін сені көңілім қалам ақтап.
Қара өткелден өткендей қуанайын,
Дала-көше ақ мамық жамылған шақ.

Нәзік ұлпа көгімнен құлағанда,
Періштеден ақ бата жыр алған ба?!
Ақ парақтай жер беті жазылмаған,
Тыныштықты осындай бұзалам ба?..

Іздер түсер ақ қарға қазыналы,
Бәрі үйге, жұмысқа асығады.
Жаңа күнмен басталған айқыш-айқыш,
Қара ізбен тағдырлар жазылады.

Қосылғандай ақ дауыл шабытыма,
(Жаз деп жатыр сиқырлы сәтті мына!..)
Аппақ қарға салынған қара ізің,
Апаратын жол болсын бақытыңа!
Қар жауыпты түнімен... Қалам аппақ...


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері