Ақ қырауды сүрткен қыз – Манарбек Қарекенов

Бұл бетте «Ақ қырауды сүрткен қыз» атты Манарбек Қарекенов жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Бір топ адам. Аялдама. Күн аяз.
Үскірік жел. Сары аяз – хан, ояз.
Бұл салқындық көңілдерді түсіріп,
Қалың ел мен суық күнді қылды араз.

Мұз байланған кірпігіміз қыбырлап,
Автобусты күтіп тұрмыз шуылдап.
Жылы ішік киінгендер дірдектеп,
Әңгіме де қояды айтып сыбырлап.

Бір уақытта қалдық біздер желпініп,
Тоқтай қалған маршрут екен «екілік».
Болмаған соң бұл автобус мен күткен,
Тоқтай қалдым, жүгірдім де ентігіп.

Көп ішінен сығылыса, тапталып,
Мені көрген қос жанары шаттанып.
Терезеден бір сұлу қыз, қол бұлғай,
Айтып жатыр бір сөздерді ақтарып...

Терезеге көзім түсе, таң қалдым
(Автобусқа мінуге де шақ қалдым).
Мүмкін емес деп түйдім де ішімнен,
Орта жолға барып, қайта тоқталдым.

Көрегеніне сене алмай көзімнің,
(Не айтарға реті келмей сөзімнің).
Қырығында қыздар айтқан сезімін,
Серілердей мен өзімді сезіндім.

Сан ойларға тұрған кезде булығып,
Қас-кірпіктің мұзын сүрттім су қылып.
Сұлу қыз да сүрткілейді әйнекті,
Нәзік демін шығарады бу қылып...

Сол-ақ екен ғайып болды, қиялым,
(Күлкі қысты, оны қалай жиямын?!)
Ару да жоқ, қол бұлағаған мен үшін,
Қарындасым тазалауда терезенің қырауын.

Оянғаны-ай, іштегі қамқорлығы "ағаның",
Қателескен мен өзім. Кімге кінә тағамын?!
Кешір, ару сәл тентектеу ағаңды,
Орындалсын арман тілек, талабың!

Тоңды-ау қолың, неге артынша дір еттің,
Салқын қыста ақ әлемге гүл ектің.
Төлегендей кездестіріп төреңді,
Бақытты бол, сіңілісі Жібектің!


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері