КҮЗГІ ҒАЗАЛДАР – Мықтыбек Оразтайұлы

Бұл бетте «КҮЗГІ ҒАЗАЛДАР» атты Мықтыбек Оразтайұлы жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

КҮЗГІ ҒАЗАЛДАР
* * *
Елеместен қас-қағым, аз ғұмырды,
Күздің ала бұлттары мәз бүгінгі.
Бәрі өткінші. Жалаңаш қалды ағаштар,
Сұлулығын жоғалтып жаздыкүнгі.

Бәрі өткінші.
Көркі де мына күздің,
Суретіне айналар бір аңыздың.
Өткенді аңсап, сағынып, сарғаятын,
Өміріміз осы ғой, сірә біздің.

Шарпып өтіп қазанның соққан желі,
Тоңазытып жіберер ақ таң лебі.
Жапырақтар қоштасу әнін айтар,
Топыраққа айналып жатқан жері.

Сырғып өткен минуттар сезілмей қап,
Түн же жетті. Уақытша көз ілді аймақ.
Бір өткінші ойлардың жетегінде,
Күздің әнін тыңдаймын...
Өзіңді ойлап.

*****
Жылылықты ұнататын жан едім,
Күз де жетті де, салқын тартты әлемім.
Салқын қабақ, салқын жанар, салқын жүз,
Осы шығар күзге деген сәлемім.

Өз әлемім өзімнен де оқшау тым,
Бәрі де жат — таң да, кеш те, ақшам, түн.
Күрең күздің қабағы да сұп-суық,
Тіпті оның күлкісі де сап-салқын.

Осы болар күздің қатал талабы,
Сарғылт әлем көңілсіз күй шалады.
Салқын тартып кеткен досым секілді,
Жаз да менен аулақ кетіп барады.

Кездескеннің бәрімен де дос емен,
Дос бола алсам бақытты күн кешер ем.
Салқын ғана сәлемдесіп өтетін,
Таныстарды күнде көрем көшеден.

Қоңыр күздің қабағынан сыр ұғып,
Сары орманның тасасына тығылып,
Салқын тартып кетті бүкіл әлемім,
Жүрегімде ғана қалды жылылық...

*****
Жарық жұлдыз бағытқа алып ылдиды,
Күздің салқын түні баяу сырғиды.
Мен отырмын уақытқа бағынып,
Сезіне алмай жанға жайлы бір күйді.

Ештеңеге таңырқамай, таңғалмай,
Ештеңенің қызығына арбалмай,
Келем.
Күзбен арамыз да жақсы емес,
Бірін-бірі жатырқаған жандардай.

Қорғансыз қап мұңаяды құла дүз,
(Құла дүзден күз мінезін сұраңыз).
Оқтын-оқтын тентектігін көрсетіп,
Бірдеңені айта алмай тұр мына күз.

Көкжиексіз астасады жер мен көк,
Алқымымнан алды сыз жел өңмеңдеп.
Тағы да бір күздің таңы атады,
...Ал мен әлі дидарыңды көргем жоқ

****
Күз өрнегі байқалып нән кілемде,
Қыркүйек те орталап қалды демде.
Әлі бірақ шабытым оянған жоқ,
Саған айтар болмай тұр әңгімем де.

Жұлқыламай санамды тартқыламай,
Жалқау шабыт тыс-тырыс жатты да оңай,
Ойыма да ештеңе келер емес,
Айтарым жоқ, жазамын хатты қалай?

Ғайып болып жасыл жаз желектері,
Тарылды ма мезгілдің кең өткелі?
Ештеңе де ұға алмай жүрген жанға,
Сұрақ қойма, жауабым жоқ, өйткені.

Жан-дүниемді шаттыққа батырып көп,
Тасытатын көңілді сапырып кеп —
Мына күзден қызықты түк таппадым,
Мен жазатын хатқа да тақырып жоқ.

Іркілемін осылай аптығып кеп,
Құпиясын қоңыр күз жатты кілттеп.
Күнде ұйқыға кетемін.
Алақанға,
Түк жазылмай бос қалған хатты бүктеп...


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Ұқсас өлеңдер

Басқа да жазбалар