Бұл бетте «ИНТЕРНЕТТЕГІ ҚЫЗҒА ХАТ» атты Мықтыбек Оразтайұлы жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.
Мылқау түнде естілмейтін күй тыңдап,
Отырсың-ау, ой шаршатып, ұйқың қап?
Таң атқанша ұйықтамасын дегендей,
Әлдебіреу қойды ма екен сиқырлап...
Қиял қашты, ой қызығы ортайды,
Әсем түннің ажарынан әр тайды.
Ешнәрсенің мағынасы қалмаса,
Кінәлай да алмаймыз ғой жарты Айды...
Өн бойынан салқын түннің сызы өтіп,
Ай қарайды, аппақ жүзін жүдетіп.
«Мен бір шіркін, демалысты білмейтін,
Жүрмін міне, түнгі әлемді күзетіп...
Маған бұдан басқа ғұмыр бермеді,
Осы шығар, мен байғұстың көрмегі»...
Ай осылай деп айтады-ау тіл бітсе,
Мұңын шағып пенделерге жердегі.
Бәлкім солай, қайда маған дәл ойлау?
Пенделерге болжай салу оңайлау.
Көз шырымын алғысы кеп әр замат,
Ай да бәлкім қалғығанды қалайды-ау...
Ештеңе де айта алмайды біз ұғар...
Қабағында қалың ойдың ізі бар,
Ұйқымыздан безіп бекер отырмыз,
Бәлкім бізге анау Ай да қызығар.
Жалығармыз таусылмайтын ойдан да,
Әлде бізді қиялшыл қып қойған ба?
Көзіңді жұм, таңға дейін кірпік іл,
Ұят болды-ау анау жарты Айдан да...
Кәусар
Терең ойлы мағынашеее әсіресе 51жыл өмір сүрлім пендеше дегн өленініз ұнайд деп сізге айта алсагойй шіркін ел алдында терең еңбек еттініз