Мұғалім - асыл мамандық – Гүлмекен Қасенбай

Бұл бетте «Мұғалім - асыл мамандық» атты Гүлмекен Қасенбай жазған ұстаз туралы өлең берілген.

Мұғалім асыл мамандық

Ұстаз-ана -
көзқарасы жып-жылы..
Шәкіртіне таусылмайды мейірімі.
Тентек, қиқар, сотқар, бұзық болсаң да,
Қимастықпен қоштасады ол түбі..

Алыстаса баласынан ата-ана,
Сырласатын оқушымен оңаша.
Бірге жылап, бірге күлген баламен,
Мұғалімдер - адамдар ғой тамаша!

Махаббатын аямайтын баладан,
Ескертетін басқан сайын тың қадам.
Ашатұғын өзің білмес қырыңды,
Талантыңды дәл танитын бойыңнан.

Жігер берер, ұйықтап жатса дарының,
Үрлеп жағар, өшіп қалса жалының.
Ұстаз ұста - шеберлікпен шыңдайтын,
Жаға білер әр шәкірттің жарығын!

Жантанушы, бала жанын зерттеуші,
Қайғың болса, сөзбен жазар емдеуші.
Жаттықтырар бала жадын күрескер,
Ұстаз - қалып, тезге салып жөндеуші.

Түрлі мінез, сан ұлттың баласын,
Ұйытатын ұйытқы - "Ұстаз-анашың".
Ұстаз деген - жанашырың, жақының,
Он бір жылда бауыр басып қалатын.

Ел тарихын танытатын тереңнен,
Бәрін оқып, білім жиған кемеңгер.
Ұстаз - дана, ұлт ертеңін ойлайтын,
Кіл озатты дайындайтын шеберлер.

Атансаң да ел бас иген қаһарман,
Патша болғын, бола бергін бай адам.
Ұстаз алдын көрмей өскен мықты жоқ,
Шын мықтылық басталады оқудан.

Әлем түгел мойындаған адам бар,
Білім шыңын бағындырған ұлы бар.
Сол ұлыны құштар еткен білімге -
Қарапайым мектептегі ұстаздар!

Ұстаз деген - тәлім берер тәлімгер,
Шын ұстазды көргің келсе жарыс көр.
Шәкіртіне бар ақшасын шығындап,
Бір жапырақ қағаз үшін төккен тер.

Сыныбының намысы оның беделі,
Оқушыны перзентіндей көреді.
Оқымайтын ұлдардың да әйтеуір,
Жақсы адам боп кетеріне сенеді.

Ең асылы мамандықтың - мұғалім,
Мұғалімнен ғалам сырын ұғамын.
Әр мұғалім дайындаса мың ғалым,
Ел аңсаған бай-шаттықты туар күн!

Гүлмекен Қасенбайқызы
25.04.2026


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Ұқсас өлеңдер

Басқа да жазбалар