Өрік гүлі – Роза Сейілхан

Бұл бетте «Өрік гүлі» атты Роза Сейілхан жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Бұл жолы да алданды өрік гүлі,
Жыларман күй кешті жұрт көріп мұны.
Пендеауи сол дүние қашаннан да
Қалдырмаған жайына көріктіні.

Өрік гүлі, әттең-ай өрік гүлі,
Жемісіңді берерсің өніп түбі.
Мезгілінен шатасып қалған қардың,
Басылмады өзіңе жеріктігі.

Аяп кеттім бүріскен гүлін көріп,
Қара жерге кетті қар мұңын көміп.
Жан-жағына жұпарын шашып тұрып,
Аяқасты аязға ұрынды өрік.

Өмір неге қалды екен, далбасалап,
Жоғым сені келіппін барға санап.
Қар екені белгісіз, гүл екені,
Ақ дүние тұр, әні, арбаса қап.

Сәруар шақ, сән құрды сәуір тағы,
Жалғыз-жалғыз атады ауыл таңы.
Өрік гүлі сен жаққа көзім түссе,
Осы кейпің жанымды ауыртады.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері