Түрлі-түсті әлем, арманның бәрі түгесіп –
Роза Сейілхан
Бұл бетте «Түрлі-түсті әлем, арманның бәрі түгесіп» атты Роза Сейілхан жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.
Түрлі-түсті әлем, арманның бәрі түгесіп,
Жұлқына билеп, бұлқына билеп ұл-қызы.
Бақыты үшін жан сала берсе күресіп,
Үзіліп түсіп солады-ау гүлдер қырмызы.
Шылымын шегіп,
бұрымын жайып, тарқатып,
Әуенге елтіп, мұңая қалған жанары,
Осында сынды байлық та, бақ та, бар бақыт,
Осыдан ғана жанына жылу табады.
Ақылдан, ойдан ада емес, арман дегеннен,
Сұлулар отыр сырадан сырбаз сіміріп,
«Не шығар дейсің өмірді жалған дегеннен
Жүректе тірлік кешеді ұлы бір үміт».
Дейтіндей солай, дейтіндей үркер топ мына,
Төгіліп кетті күйтабақтан да жат бір ән.
Елемей тіпті, ескермей барды жоқты да,
Шел басты көзді сұр тұман және ақ тұман.
Өзгерген өмір, өзгерген талап, талғам да,
Қаланың түнгі көркі де ақша дәметіп.
Сезініп арды, сендіріп жанды жалғанға,
Ішесің уын өмірдің сарқып, бал етіп.
Көнесің сосын, қайтармай ойдың меселін,
Іздейсің келіп, беймәлім саған бір затты.
Тікендей батып, салулы жұмсақ төсегің,
Жылайын десең көзден де жасың құрғапты.
Түнгі әуенге елтіп, жүректер аласұрады,
Жұбаныш етіп, казино, кафе, барларды.
Алматы ғана, бәріне ара тұрады,
Күзетіп түнді, күндерді, жаңа таңдарды.
Өзгерген өмір, өзгерген талап, талғам да,
Қаланың түні, күні де ақша дәметіп.
Кеудеңде ғұмыр, тіршілік үні, жан барда,
Ішесің келіп, уын да сарқып, бал етіп.
- Абдраманов Арсланбек
- Абдраманов Арсланбек
- Абдраманов Арсланбек
- Абдраманов Арсланбек
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі