Күз – Роза Сейілхан

Бұл бетте «Күз» атты Роза Сейілхан жазған табиғат туралы өлең берілген.

Күз суық... салқыны өбеді беттен,
Қаудырлап қайың-ағаштың желегі кепкен.
Қарқылдап құзғын-қарғасы қысты шақырды,
Табиғат Ана жүрегің кең еді неткен.
Жаз еді кеше, уақыт тез еді неткен,
Күркіреп аспан, күздің де кезегі жеткен.
Кешігіп қалған бақытын кезіктірердей,
Бұлқына жүрек бір жайды сезеді көптен.
Жапырақ ұшты, мертікпей құлары да анық,
Жаңбырдың суы жылғада бұралып ағып.
Сұрланған сұр бұлт ашуға мінеді-дағы,
Дарбаза көгін аспанның ұрады барып.
Күз салқын, суық жел өбеді беттен,
Адасқан ақыл қайтеді көреді көппен.
Жапырақ екеш, сарғайған жапырағы да,
Топырақ басып, Құдай-ау, өледі деп пе ем.
Өледі деп пе ем,
Ақ қайыңдар-ау, желегі кепкен!


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері