Жастығымды жылдарым алып кетті – Роза Сейілхан

Бұл бетте «Жастығымды жылдарым алып кетті» атты Роза Сейілхан жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Жастығымды жылдарым алып кетті,
Құры кетпей тағдырға налып кетті.
Тұтануға шақ тұр ем, қапияда,
Күл-қоқыс қып жанымды жағып кетті.
Қайта оралмай күндерім неғып кетті,
Жанарымнан тамшы боп тамып кетті.
Қараулығы, сұмдығы шаш етектен,
Мына өмірден көңілім қалып кетті.
Жүрегімді ауыртты, демім бітті,
Көңілімді кім ұғар менің күпті.
Қапастағы тұтқындай аласұрам,
Күте-күте шаршаған жеңілдікті.
Өмір қайда, баяғы мағыналы,
Неге жаным сол күнді сағынады.
Ың-шыңы жоқ кетсем бе құла дүзге,
Жасып қалған жанымды жанығалы.
Жан-дүнием тұр неге өксігелі,
Қашан осы білмеймін ес кіреді.
Түрін түсін білмейтін жүрегімнен,
Түсініксіз бір дауыс естіледі.
Жалғас, жалғас, жалғасшы, тіршілігім,
Жеткізсем деп жүргенде бір шыбығын,
Жайқалғанша сол шыбық тамыр жайып,
Шуағыңды тоқтатпай тұршы, күнім.


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері