Жан серігім, қаламсабым, мұңдасым – Роза Сейілхан

Бұл бетте «Жан серігім, қаламсабым, мұңдасым» атты Роза Сейілхан жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Жан серігім, қаламсабым, мұңдасым,
Сенен өзге жанымды кім тыңдасын.
Жаза алмасам, айта алмасам ойымды,
Өзіме емес, ең бастысы жырға сын.
Таба алмадым, іздегенім жоқ менің,
Өкіндіре бердің неге өткенім.
Бұл жолы да тындырмадың түкті деп,
Кейіп кетті көк желекті көктемім.
Не істей алам, не дей алам кімге енді,
Өмір сиқыр тағы тағы түрленді.
«Жаспын» – деуші ем,
жастығым да байқатпай,
Көз алдымда ғайып болып үлгерді.
Таң атады қуанамын оған да,
Күн батады қуанамын бұған да.
Азабымды аза тұтып күн кешкем,
Мені ұғатын жан жоқ сынды бұ маңда.
Сырғып өткен өміріме кінә артып,
Кінә артсам да оған сонша құмартып.
Арманымның ақ шуағы күн болып,
Көкжиекке сіңіп жатты мұнартып.
Жұбатпасын жүрегімді басқа мұң,
Тамып, тамып кетсе мінәй жастарым.
Мен қуана келісер ем, бақытты –
Өте шыққан өмір десе қас-қағым.


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері