Сәкен Иманасовтың рухына – Роза Сейілхан

Бұл бетте «Сәкен Иманасовтың рухына» атты Роза Сейілхан жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

1. Бұл – Сенің әлемің әдемі

Әппақ қар төгілді аспаннан,
Кестелеп тігілген.
Бәрі де осылай басталған,
Ертеңнен, бүгіннен.
Суық сөз тарады
Сіз жайлы,
Мәңгілік сүрінген...
Жүрегім мұздайды,
Көз іле алмаспын бүгін мен.
«Анығын айтады» жұрт әлі,
Бәрін де сезесіз.
Біз ғой деп, Сәкеннің ұрпағы,
Жырыңды жаттайды,
Оған да сенесіз.
Бұл – Сенің әлемің әдемі,
Өлеңде қалатын.
Жоқ енді тірліктің әлегі,
Күйетін, жанатын...
Өмірді сүйіп ең,
Сүйгенсің жаныңдай,
Себебі биік ең,
Мөлдір ең лағылдай.
Тәкаппар дүние,
Құлазып тұр бүгін.
Айнала бұлдырап барады
Сағымдай.
Түн жапты түндігін,
Ешкімге бағынбай.

2
Жүрегіңе тұрған сәуле нұр құйып,
Бір суынды, бір күйіп.
Соңғы сапар... сезімсіз де дір етті,
Өлең қалды тұңғиық.
Мәңгі емесін жарық күннің сезініп,
Астаң-кестең жан да кетті езіліп.
Ақындарын аямайтын тірлігің,
Жіберді ме мезі ғып...
Білем, енді жауап қатпас елдесің,
Ұғындырдың жаңа жырдың келмесін.
Сәкен аға, нені ойладың, нені аңсап,
Сахна өмір жапқан сәтте пердесін.
Көп сауалға таба алғам жоқ жауап түк,
Ел-жұртыңа кеткен жан ең, қарап тік.
Қарындасқа ақыл қостың «қалқам» деп,
Қамқор болдың жасағанға ағаттық.
Біреу үнсіз... біреу жылап ұзақ тым,
Жүрегінде барын ұқтым сызаттың.
Ақын жаны күрсінгендей соңғы рет,
«Өлім» атты құрсауында тұзақтың.
Күбірледім, тек ішімнен дұға қып,
Кірпіктерім тамшы мұңға шыланып.
Аспан жақпен түйіскенде жанарым,
Ай туыпты сыланып...


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері