Мен кім едім, кім едім – Роза Сейілхан

Бұл бетте «Мен кім едім, кім едім» атты Роза Сейілхан жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Мен кім едім, кім едім,
Жұлдыз едім, түн едім.
Қиялымда жыр құрап,
Айға барып түнедім.
Өлеңімнің жүзіне,
Жүрегімді біледім.
Арманымда ақыл жоқ,
Жырдан өзге жақын жоқ.
Күліп тұрып жылаймын,
Жылап тұрып күлемін.
Адамға ұқсас қыбыры,
Биіктемес тұғыры...
Жер бетінде адам көп,
Бірі – ақылгөй, бірі – ұлы.
Түнге айтамын назымды,
Аңсап, аққу-қазымды.
Көңіл күйім айтпай-ақ,
Жанарымда жазулы.
Даңғаза ма, күлкі ме,
Арсыз екен бір түге.
Тысырлардан шошитын,
Айналыппын кірпіге.
Өмір деген бір майдан,
Дерті асқынып, ұлғайған.
Сүйегі асыл болмаса,
Патша болсын құл қайдан.
Кірпігіне жас іліп,
Оны өзгеден жасырып.
Уын жұтып жанардың,
Шайқақтап жүр мас үміт.
Жұлдыз болып кеткендей,
Жауһарлары жанымның.
Аспан жақта шашылып,
Жұлдыз емес, күн емес,
Жан да тіпті бір емес.
Олар көкте, мен жерде,
Ортамызда бір елес.
Сол елеспен күн кешер,
Өмір дейтін бір егес.


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері