Қадір түні туған жыр – Роза Сейілхан

Бұл бетте «Қадір түні туған жыр» атты Роза Сейілхан жазған поэзия туралы өлең берілген.

Кешір Алла, көп мұңайсам, көп күлсем,
Сезімім бар жүректе.
Құпиямды өзің ғана тек білсең,
Тілек қосып, тілекке.
Титтей ғана бақ сұраған қыз едім,
Сынағыңа көнейін.
Арман көп қой, қалай бәрін тізейін,
Сорым болса, көрейін.
Алла, десем, жас толады жанарға,
Нәзік пе еді көңілім.
Ал, көз жасқа ерік берген заматта,
Елестеді өмірім.
Айтылмаған әні бардай жүректің,
Ішіне ендім тылсымның.
Санама әкеп түстеріңді түнеттің,
Барын ұқтым бір сырдың.
Алла дедім, жығылсам да, сүрінсем,
Ұмыттырдың өкпемді.
Кешір Алла, жөнсіз кейде түңілсем,
Гүл жапса екен бөктерді.
Тағдыр дейміз, тағдыр деген өзің бе,
Мейіріміңе қанықпын.
Жаумай қоймас жауын жасым көзімде,
Көзайым бол жарық күн.
Періштелер пердемді ашсын бүгін түн,
Қабыл етіп дұғамды.
Пендеңізбін үкілеген үмітін,
Кешір Алла, күнәмді.


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері