Іздеуге де – Роза Сейілхан

Бұл бетте «Іздеуге де» атты Роза Сейілхан жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Іздеуге де,
табуға да жоқ тілек,
Тәтті үмітім
санама жүр көп түнеп.
Өмір кейде
сайқал әйел сияқты,
Ерінімен жер тіреген,
көк тіреп.
Қала бірақ
тым әдемі, ертегі,
Гүлзар бақтар
өзінше сыр шертеді.
Түнгі әуені
Әлдилейді жүректі,
Шәрбат сезім
неге сонша елітеді.
Шамам бар ма
Бақытымды бағамдар,
Жігер де бар,
Бола тұра алаң бар.
Кешір мені,
Менің аңғал арманым,
Күйе жақсам,
кешірім ет, саған да ар.
Медет етер
жабыққанда жоқ тілек,
Ақырын бер,
Тәңір, өзің деп тілеп.
Жүріп келем,
сүріп келем өмірді,
Жерден алып,
жерге салып тепкілеп.


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері