Өзің едің кінәлі еткен мені – Роза Сейілхан

Бұл бетте «Өзің едің кінәлі еткен мені» атты Роза Сейілхан жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Өзің едің кінәлі еткен мені,
Көрінбей ақ кетіп ең көптен бері.
Сен екеуміз қоштасқан сол көктемнің,
Қаншама рет сарғайды көк көйлегі.
Болғандай-ек бақытты мен де, сен де,
Күн өтуде сенсіз де, келмесең де.
Жамандыққа қимаймын неге екенін,
Ұрсып тұрып жек көріп жерлесем де.
Бұл не сезім өзім де ұға алмаған,
Құлағымда ызыңдап жыларман ән.
Ендігәрі жолыңды күтпеймін деп,
Қайран сертім, алданған, мың алдаған.
Мен өмірге, өмір де құмар маған,
Сәттік күлкі, сәттік ой, мұнарлаған.
Сені биік қоюшы ем бәрінен де,
Ал биіктер көп екен шыға алмаған.
Жақсылықтар келер-ау еселеніп,
Бәрін бәрін ұғындым өсе келіп.
Көк көйлегін кимеген көктем қанша,
Келген сайын төбемнен көше ме бұлт.


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері