Сар далада ойнайды сұлу сағым – Роза Сейілхан

Бұл бетте «Сар далада ойнайды сұлу сағым» атты Роза Сейілхан жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Сар далада ойнайды сұлу сағым,
Еске түсті тағы да құлын шағым.
Бала күнім көзіме елестейді,
Әлдилеген әндетіп қуыршағын.
Көз алдымнан өтеді тізбектеліп,
Қуантса ғой, сол күндер іздеп келіп.
Бүгінгінің аңсары өткені емес,
Қазіргінің арманы – қызмет, көлік.
Бұлдырайды бұлыңғыр бұлағай күн,
Үйірінен адасқан құралаймын.
Көзі түзу болса екен, Құдайымның,
Өзге ештеңе өтініп, сұрамаймын.
Жанарымды өбеді бір мұң келіп,
Құдіреті-ай, ал кейде күлгім келіп.
Налығанмен, тырысып бағам рас,
Жарық күнді көбірек сүргім келіп.
Сар далада ойнаса, сұлу сағым,
Еске түсе береді құлын шағым.
Қай тасада қалды екен, бала кезім,
Отыратын әлдилеп құлыншағын.


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері