Белдер-белдер, көк майсаға оранған – Роза Сейілхан

Бұл бетте «Белдер-белдер, көк майсаға оранған» атты Роза Сейілхан жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Белдер-белдер, көк майсаға оранған,
Кеудем менің үмітті дос тола арман.
Қызғалдақтар көз жауын ап қып-қызыл,
Күн қызарып шыға келер сонардан.
Гүл жинаған құшағына қос бұрым,
Ерке қыз ем, серік болды, хош, мұңым.
Бала кезім, дара кезім ол менің,
Кең даламен, ен даламен достығым.
Әр барғанда қош деп қағып қанатын,
Сандуғаштар сиқырлы үнге салатын.
Менің жұмақ мекенімнің куәсі –
Аспан, жұлдыз, Ай ілінген қара түн.
Түн ақ Айды сырға етіп тағатын,
Бұлақтан су сылдыр-сылдыр ағатын.
Ғашық жігіт сұлулыққа ынтыққан,
Қызды алдайды кері бұрап сағатын.
Естідің бе жүрегімнің лүпілін,
«Сен» деп соғар тамырдағы бүкіл үн.
Өмір сүрем, бір қуанып, бір жылап,
Қашан Тәңір шығарғанша үкімін.


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері