Бауырларыма – Роза Сейілхан

Бұл бетте «Бауырларыма» атты Роза Сейілхан жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Бауырларым!
Көрмей қалсам сендерді
Сағынғамын.
Бір-біріңе жақсы еді
Бағынғаның,
Бір-біріңді жақсы ғой,
Сағынғаның.
Бауырларым,
Бүгін менің кеудем от,
Жаным жалын,
Нәсібіңнен қалай бұл
Қағылғаның,
Бұлт үйіріп төбеден
Жасыны ойнап,
Қарашаның көргемін
Қағынғанын.
Неге тағдыр қинайды
Тау ұлдарын.
Қиналсаңдар,
шық моншақ тағынғамын.
Біріккенде бастарың
дабырладың,
дүбірлетіп арасын
қабырғаның.
Бас қоспайтын болдыңдар,
бұрынғыдай,
Іздемейтін болғаның
не ғылғаның.
Бауырларым!
Маған батар сендердің
ауырғаның.
Биіктесе деп едім
танымдарың.
Алыстамай мәңгілік
ауылдарың.
Жақсы еді ғой,
Әй, ғажап болар еді-ау,
Бір-біріңнің қасыңнан
табылғаның.
Бір-біріңнің ырқыңа
бағынғаның.


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері