Тырналар – Роза Сейілхан

Бұл бетте «Тырналар» атты Роза Сейілхан жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Тырулап ұшты тырналар,
Үнінде мұңның бары анық.
Жанардан тамшы сырғанар,
Суретке сұлу қадалып.
Тыру да, тыру тырналар,
Жабығып ұшып барасың.
Суыңды сырбаз сыр бағар,
Сағынып ұшып барасың.
Қонатын сол бір кезеңге,
Ынтығып ұшып барасың.
Бұрқырап аққан өзенге,
Бұлқынып ұшып барасың.
Бұлдыр да бұлдыр бұлттарға
Таяулау ұшып барасың,
Кеудеңді тосып шықтарға,
Баяулау ұшып барасың.
Тыру да, тыру тырналар,
Тізіліп ұшып барасың,
Жанымды бір мұң тырналар,
Сызылып ұшып барасың.
Көгілдір аспан көгіне,
Талпынып ұшып барасың,
Айдынды шалқар көліңе
Алқынып ұшып барасың.
Алапат бір күй кештіріп,
Тырулағаның неткенің.
Қанаттан самал естіріп,
Бұрылмағаның неткенің?!
Тыру да, тыру тырналар.


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері