Жабады айналаны тағы да түн – Роза Сейілхан

Бұл бетте «Жабады айналаны тағы да түн» атты Роза Сейілхан жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Жабады айналаны тағы да түн,
Жұбатып келер енді жаныма кім?!
Өткенім өкіндірген шығар, мейлі,
Ол жақта ешкімім жоқ сағынатын.
Ай көкке көтерілер жылы күліп,
Салып бір жүрегіме жыры бүлік.
Жымиып оған мен де қарай берем,
Дүбірлі дүниенің сырын ұғып.
Бұл түн де мені өзіне ынтық етті,
Сөйтті де санама әкеп жыр түнетті.
Самалы сипады да самайымды,
Жаңбырын жанарымның сүртіп өтті.
Тұнжырап қалған көңіл шаттанды бір,
Ілесіп түнмен бірге аттанды нұр.
Шашты да кете барды тәтті ойларды,
Қақ жарып қара түнді жатқан дүбір.


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері