Орысбай Әбділдаевқа – Роза Сейілхан

Бұл бетте «Орысбай Әбділдаевқа» атты Роза Сейілхан жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Біздің ауыл етегі Майтөбенің,
Самал соқса, шайқайды бәйтерегін.
Өзін көрген, әкемнің көзін көрген,
Сен болмасаң, ағам-ай, қайтер едім?!
Біздің жақтың таңы да арайлы екен,
Шуағынан мың сәуле тарайды екен.
Жетпісіңде баладай аңқылдақ ең,
Жетпіс бесті сезіндің, қалай, көкем?!
Сағындың ба жуасын Көктөбенің,
Жауқазыны ашылды көктеменің.
Көре білген жақсының жақсылығын,
Жанарыңнан мен сенің от көремін!
Қайран күндер қайырылмай бара ма екен?
Ойлап кетсең, көзден жас тамады екен...
Әкем қайта тіріліп келетіндей,
Тұрғанымды-ай күй кешіп алабөтен...
Өткенді еске түсіріп, кеткенді де,
Күтіп алдық бұл жолғы көктемді де,
Саған деген балалық махаббатым,
Осы өлеңде, сонан соң леп белгіде!


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері