Күз бе десем, келіпті мұзақ тағы – Роза Сейілхан

Бұл бетте «Күз бе десем, келіпті мұзақ тағы» атты Роза Сейілхан жазған табиғат туралы өлең берілген.

Күз бе десем, келіпті мұзақ тағы,
Атар енді бұл қыстың ұзақ таңы.
Бәрін, бәрін кешірдім деп жүргенде,
Бұл жүрекке түскендей сызат тағы.

Ұстатпайтын бір сағым секілді үміт,
Өртейді ішті осылай өкіндіріп.
Шұрық-тесік жанымнан жел ескенде,
Ішім жылап тұрады, бетім күліп.

Ерте кеткен күз тіпті бұрылмады,
Мұндай күйді кешпеп ем, бұрындары.
Қарашада қар жауып, қара суық
Жапырағын жанымның жұлымдады.

Сонша қалап жүргенде бір шуақты,
Ұзағырақ аралап тұршы бақты.
Сенің сұлу кейпіңді көрген сайын,
Жүрегімде бір сезім бүршік атты.

Қараша айы білмеймін, неге мұңды,
Таба алдым ба, мен одан керегімді.
Заңдылығы деп ұқтым мұны өмірдің,
Көктем келе жаярсың желегіңді.


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері