Нені күттім, шын қалап нелерді енді – Роза Сейілхан

Бұл бетте «Нені күттім, шын қалап нелерді енді» атты Роза Сейілхан жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Нені күттім, шын қалап нелерді енді,
Не келсе де ей, тағдыр, сенен келді.
Ой түбіне сүңгідім оңашада
Өмір дейтін көрдім де кемеңгерді.

Нені күтем, білмеймін, нелерді аңсап,
Ақ таңымды өзгеше келем бе, аңсап.
Қайда қалды арманшыл, аяулы кез,
Кайда екен сол бақытқа бөленген шақ.

Қайда, қайда жастығын бұлдаған шақ,
Кете алмайтын кездер-ай, жырдан алшақ.
Соны өзінше мақтаныш көретінбіз,
Ересектер сияқты мұңдана алсақ.

Қалса болды мөлт етіп, жанар жылап,
Алушы едім бөлмені қараңғылап.
Күн сәулесі көмкерсе тереземді,
Сол ұнайтын негізі маған бірақ.

Есейгенде ойлайсың соның бәрін,
Өз соқпағың, өзіңнің жолың барын.
Өмір сүру бәрінен маңызды екен,
Су боп ағып кеткенше қолыңдағың.


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері