Бұл бетте «Қазақ әйел» атты Гүлмекен Қасенбай жазған әйел туралы өлең берілген.
Қазақ әйел
Қазақ әйел, өз-өзіңді таптың ба?
Жүрсің бе әлде, көп қысымның астында?
Күні-түні тынбай қызмет көрсетіп,
Ұнадың ба, ата-енеңе, басшыңа?
Күйеуің де сені шексіз сүйе ме?
Отбасына қолғабысы тие ме?
Әлде тойып сен жасаған тамаққа,
Телефонның ішінде өмір сүре ме?
Таба алдың ба, шын қалайтын ісіңді?
Сүйесің бе, жұмысыңды әр күнгі?
Әлде күйбің тіршілікке жұтылып,
Ұмыттың ба, арманы асқақ сол қызды?
Қайда кетті... сол бір сәби аңғал қыз?
Бүгін неге жасқаншақ ол..
Дәрменсіз?
Сеніміңді кім сындырып, сөндірді,
Неге қайта оттай лаулап жанбайсыз?
Қазақ әйел лайықсың сен бақытқа!
Қарай гөрме әжіміңе, уақытқа...
Өз-өзіңді күлден қайта тірілт те,
Жұлдыздай жан, нұрыңды шаш,
Жарқыра!
Бояусыз-ақ, орамалмен сұлусың,
Шын сұлулық - іштен шыққан жылуың.
Махаббатқа тойған әйел әдемі,
Айналаға шашып жүрер мейірімін.
Еліктеме, қайталама ешкімді,
Болмысыңмен ерекшесің нұр жүзді.
Шыққан тегің - шешен, қайсар, өр қазақ,
Жомарттықпен таңдандырған әлемді.
Білім алсаң шын ізденіп - озасың,
Тарихты да сен өзгерте аласың.
Үйде отырып өнегеңмен болашақ,
Ғұламаны тәрбиелей аласың!
Сенші өзіңе, күйбің іске көмілме,
Өзге көзбен қарашы бір өмірге.
Өсек айтып, жылап-сықтап, зарлаған,
Сорлыларды жаныңнан қу, жеңілме!
Сен - нәзіксің, мықтылығың осында,
Сен - қайсарсың, табанды бол, тосылма.
Біліміңді айналдырсаң кәсіпке -
Береке мен бақыт қонар басыңа!
Тек шырағым, түзу жолдан таймағын,
Қайда жүрсең Жаратушы қолдасын!
Қазақ текті болуы үшін әр әйел -
Абыройын жаннан биік қорғасын!
Сүйіктісің, сүйкімдісің, сұлусың,
Сен шығатын алда әлі биік шың.
Сан өнерді лезде үйреніп алатын,
"Қазақ" деген ақылды ұлттың қызысың.
Сеніміңді қайра-дағы жігерге,
Әр сәтіңді бос нәрсеге жіберме.
Қолға алғанда өз-өзіңді оянып,
Қазақ халқы айналады ірі елге.
Тұр орныңнан, қазақ әйел, жігерлен!
Гүлмекен Қасенбайқызы
09.05.2026
- Азамат Төре(авторлық ой)
- Азамат Төре
- Рабиндранат Тагор
- Абдраманов Арсланбек
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі