Немерем болса – Гүлмекен Қасенбай

Бұл бетте «Немерем болса» атты Гүлмекен Қасенбай жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Немерем болса

Немерелерімді сағындым,
Дүниеге әлі келмеген..
Мейірімім көп жүректе,
Немерелеріме бермеген.

Махаббатым бар әжелік,
Немерелеріме сақтаған.
Құлыншақтарға арнап мен әлі,
Неше түрлі жыр жазам.

Не сұраса да әперем,
Айға да қолды созамын.
Тек әже болып немере,
Шөбере сүйсем болғаны.

Ертегі жазам оларға,
Күлкілі, қызық, танымды.
Ана тілінің қадірін,
Терең сездірер сан түрлі.

Шежіресін де жаттатам,
Танытып тегін, бабасын.
Өнеге берем тәлімді,
Өсіріп қазақ баласын!

Құрметтеуді үйретем,
Анасы мен әкесін.
Тәжуидті өзім үйретем,
Жаттатып Құран қатесіз.

Фольклорды да танытам,
Батырлар жырын оқытып.
Ұлттық рухты сіңірем,
Қазақылықты сүйдіріп.

Әріпті өзім үйретем,
Көркемдеп, әсем жазуды.
Қисық жазылған әріптер -
Жайлы аңыз айтам нанымды.

Ана тілінде тап-таза,
Қоспасыз ойлай білуге.
Машықтандырам күні-түн,
Төгілтіп шебер сөйлеуге.

Мақал, жаңылтпаш жаттатам,
Жұмбақ жасырам сан түрлі.
Өтірік өлең құраймыз -
Қиялын ұштап әр күні.

Қазақтың әрбір баласы,
Мейірімді, дана болмағы.
Әжеден бастау алады,
Әжелер - тәлім тұрағы.

Тек, сол күн ерте тусын деп,
Аллаһтан дәйім сұраймын.
Әже болуды бұйыртсын,
Салиқалы ғып құдайым!

Гүлмекен Қасенбайқызы
11.05.2026


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Ұқсас өлеңдер

Басқа да жазбалар