Ерте ме, кеш пе, бәрі де аяқталады – Ұлықбек Есдәулетов

Бұл бетте «Ерте ме, кеш пе, бәрі де аяқталады» атты Ұлықбек Есдәулетов жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Ерте ме, кеш пе, бәрі де аяқталады,
Аяқталады қайғың мен қасіреттерің.
Жалғаннан қашан көңілің тоят табады,
Өз ғұмырың ғой, есепсіз шашу еткенің.

Аяқталады бәрі де ерте ме, кеш пе,
Бүгінгі көрген қызық та аяқталады.
Бақытқа жету дегенің ертегі емес пе,
Уақытың құрғыр тықылдап таяп қалады.

Ерте ме, кеш пе, бәрі де тәмамдалады,
Сүйсең де мейлің ғашық боп, сүймесең мейлің.
Алдамшы мынау дүниенің адам қонағы,
Қонақ та болса өмірді билесем дейді.

Тағдырына адам өзінің еркелі емес пе,
Бірақ та тағдыр пендесін аяп қалмайды.
Аяқталады бәрі де ерте ме, кеш пе,
Арманың ғана ешқашан аяқталмайды.


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері