Ескі ақындық
Мұны оқыған ұландар,
Үмбетей жырын тыңдаңдар!
Байқап оқып әрбірін,
Ақылға салып бар сырын,
Не деп отыр, көр түрін.
Абылайдың алдына,
Салып отыр, көрдің бе,
Басынан кешкен тағдырын,
Сыртын ұқпа, мұны аңғар!
Бүгінгілер айтса жыр,
Буыны бірдей бәрі бір.
Үмбетейше құбылтып,
Сала алмайды басқа түр.
Тақылдатып айтсақ та,
Ұйқасқа жылдам қайтсақ та,
Аяқты бірдей бассақ та,
Шықпайды бізден терең сыр.
Жырдың жайын білмейтін
Бізде осындай ылаң бар.
Ескі ақын бізден әлі артық,
Ол кезде туған бала артық,
Жасымыздан шал артық,
Тақпақ пен мақал тағы артық,
Суырып салма жағы артық.
Айтады олар ойланбай,
Сыпыра жырау, Шортанбай,
Үмбетей мен Марабай,
Алды-артына қарамай,
Соққанда жырды суылдап,
Жел жетпейтін құландар!
Ескі жырдың ұйқасы –
Бірі қысқа, бірі ұзын,
Буындары бұзық деп,
Біз баспаймыз ол ізін.
Неге бұлай айтты деп,
Сынамаймыз негізін.
Ойлай келсек, ескі жыр
Салады тұлпар жүрісін,
Міне, байқа мұнысын.
Кейде жорға, кейде жел,
Бұлдыр қағып асар бел.
Кейде арындап, кейде шап,
Адымын алыс құлаштап,
Алады кейде тынысты.
Солқылдатып жүрісті,
Осындай жырды ұнаңдар!
Ескі жыр кейде сипаттар
Қыран құстың ұшқанын.
Құмарына құйылып,
Қанатты қомдап қысқанын.
Желге қарсы желбіреп,
Аспанға қайта шыққанын.
Қайшылап қанат қаққанын,
Асығып келе жатқанын,
Атылған оқтай аққанын.
Кейде қақпай қанатын,
Жұлдыздай ағар сызылып,
Алдыңғы түрден бұзылып,
Қарасы кетер үзіліп.
Ескі жырда көрнеу тұр,
Осының бәрі білініп,
Ақынның сырын кім аңдар!
Кейде күннің райын,
Сипаттаған тұсы бар
Бір айы мен бір айын,
Жазы, күзі, қысы бар.
Қарлы боран, қара жел,
Бұлдыр қағып асар бел.
Жазғы сағым жай таңдап,
Дегендей боп мұңда кел.
Кейде бұршақ, кейде қар,
Кейде жауын, көп нөсер,
Ә дегенше ашылып,
Аптыққан желі басылып,
Құлпырмай ма тау мен жер?
Ескі жырды көрсеңіз,
Ойланып көңіл бөлсеңіз,
Сырына баға берсеңіз,
Таң қаларлық ісі бар,
Көңілді тартар күші бар,
Асықпай тыңдап, шыдаңдар!
Кейде жыршы айтады
Ақ бөкеннің жүрісін.
Зырқырап барып қайтады,
Алады тағы тынысын.
Төрт аяғы көрінбей,
Бұлдырап желер ерінбей.
Кейде қарғып кетеді,
Ылғи желіп, керілмей.
Жарқ беріп, бұлт етеді,
Бұрынғы беттен бұрылып,
Жел-сағымдай құбылып,
Барған сайын шынығып,
Кейде аяңдап, тынығып,
Айтылса соған қисынып,
Кетеді бойың исініп.
Ойнағандай құлын-тай,
Жырда болар талай жай,
Кетпеңіздер байқамай,
Боласың әлі бұған зар!
Кейде айтады ақындар
Жайдары желдің соғысын.
Қатайып, кейде баяулар,
Түрлендіріп долысын.
Кейде ақырын сыбырлап,
Жиілеу басып, жыбырлап.
Әкетер алдап ойды ұрлап,
Кейде кетер сырқырап.
Құйындайын бұрқырап,
Тағы да желпіп, уантып,
Жас баладай қуантып,
Айналып келіп басады,
Бас қисынның тоғысын.
Қате деме онысын,
Анықтап ұқ сонысын,
Шатақ ұқпа, шын аңғар!
Кей ақындар мысалдар
Мөлдір судың аққанын
Арыстандай арқырап,
Күрілдеп келіп, сарқырап,
Баяулап барып ақырын,
Жатады күнге жарқырап.
Мініңді тырнап ашытар,
Жігеріңді тасытар,
Тәтті сөзі балдай боп,
Насихаты шамдай боп,
Қасиеті қандай көп,
Елжіретіп сүйекті,
Бергендей боп тілекті,
Қышыған жерді қасытар.
Міне, осыны біліп ал!
Жақсы ақынның тілі бал,
Өтірік деме, ойға сал!
Осыны жаттап ұғып ал,
Ақындыққа құмарлар!
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі