Текестегі ат ізі
Бұл бетте «Текестегі ат ізі» атты Кәкімбек Салықов жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.
Қаракерей Қабанбай мінген Қубасты
Ардақтап айтқан тарихпен жаным сырласты.
Ай жарым суыт жүргенде жетер бабына,
Қубастай тұлпар қазақта қайтып тумас-ты.
Жарыс пен сайыс шақырса тілек ақтаған,
Киелі жылқы жолы болғыш ақ табан.
Тұратын жайнап қыз маңдай жұқа басында,
Саналы жандай жанары малға тартпаған.
Жүретін жарау нәр татпай жортып ұзақ күн,
Кеудемен соғып үзетін шебін тұзақтың.
Батырмен кейде тілдесіп тұрған секілді
Көз тартатын қимылы екі құлақтың.
Ер Қабанбай келгенде жетпіс сегізге,
Дүлдүлі Қубас жетіпті отыз сегізге.
Тастақта тозбас, мұздақта таймас төрт тұяқ,
Ескек те болды шулы өзен, асау теңізде.
Тайбурылға да теңер едім Қубасты,
Жануар-ай, бірде қатар, бірде асты.
Қырық қап жүкті теңдеген Текес тауында,
Таңбалап кетті қатпары қалың сұр тасты.
Ел өткендей екі аяқтың арасы,
Тастағы ізден тұлпардың тұрқын қарашы.
Тұяқ пен тастың сүйсінтті сұлу мәнері,
Аманат жазған ақындай асыл санасы.
1993
- Рымғали Нұрғалиев
- Серік Қирабаев
- Мұхтар Әуезов
- Міржақып Дулатұлы
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі