Жанартау, сөнбес жалынсың

Бұл бетте «Жанартау, сөнбес жалынсың» атты Кәкімбек Салықов жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

(Ескендір Хасанғалиевке)

Ақтангерсің, Ескендір,
Әніңді қазақ жаттаған.
Сұлу саз болып көшкен нұр,
Бабалар рухын сақтаған.
«Атамекен» – әнұран,
«Алтын құм» – әлем білген ән.
«Ақсұңқарың» – ән-қыран,
«Елігің» – жүрек тілген ән.
Жаралған жастай таң сүйгіш,
Нәр алған күннен дарынсың.
Көкірегің сұлу ән құйғыш,
Жанартау, сөнбес жалынсың.
Күш-қуатың дін аман,
Тұлғаң да түзу сырықтай.
Өмірің қызық роман,
Жүректі қоймас жылытпай.
Болды ғой, шіркін, әр маңда...
Қызығып көз салғаның.
Ақылды ісің жалғанда –
Дариконы алғаның.
Әр күнің зор мереке,
Жарқырай берсін шырайың.
Сыйлады құт-береке
Біржанды берген Құдайым.
Биікте дара өскен гүл,
Баулыған бұлбұл құс таңдап.
Дарико, Біржан, Ескендір –
Бір ұяда үш тармақ.

08.03.2005


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері