Асыд ана зиратында ақ қайың

Бұл бетте «Асыд ана зиратында ақ қайың» атты Кәкімбек Салықов жазған ана туралы өлең берілген.

Аралап Фазыл елін барғанымда,
Шарбақкөл көрдім ескі шарбағын да.
Көз тартты зор ақ қайың зират жақта,
Жайқалған жас қайыңдар жан-жағында.
Әулетке Алла берген жанашырдай,
Басында ардақты ана ағашын-ай!
Ақ қайың Фазыл еккен жан баурайды,
Тоқсаннан асып өткен анасындай.
Көңілдің қоштасқанда табылды емі:
Егіліп бір талшыбық қалып еді.
Бойы зор, жапырағы мол ақ қайыңға
Бұл күнде табынады қалың елі.
Балқытар нұрлы шуақ күн көзіндей,
Шалқытар жылы лебі гүл-сезімдей.
Жамылған жасыл желек көрінеді
Меккедегі мешіттің күмбезіндей.
Әнді ағаш – бұлбұлдары сайрап тұрған,
Сәнді ағаш – сәуле жұтқан әйбат нұрдан.
Жанды ағаш – қарт ананың дәл өзіндей,
Жас ұрпақ болашағын ойлап тұрған.
Жұмағи таза желмен таранғандай,
Бауырында Ана-қайың самал қандай!
Нәр алған бүршігінен жас өрімдер,
Өсіп тұр бір анадан жаралғандай.
Алыптың құрмет етсек анасына,
Нар екен басында өскен ағашы да.
Нар болды мұң-наланы ұмыттырған
Фазылдай дара туған баласы да.

2006


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері