Әжесі бар адамдар – күнде бала

Бұл бетте «Әжесі бар адамдар – күнде бала» атты Кәкімбек Салықов жазған бала туралы өлең берілген.

Болғандай жалғыз сенің жан садағаң,
Күні жоқ ертелі-кеш аңсамаған.
Атаң мен әжең бары қандай бақыт,
Бір саған бұйырғандай барша ғалам.
Жүгірген «құлыным» деген үнге ғана,
Ұқсайсың шаң тигізбес гүлге ғана.
Атасы бар адамның қорғаны бар,
Әжесі бар адамдар – күнде бала.
Келеді әке-шешең тәртіп құмар:
Қит етсең «тентек» деген даңқың шығар.
Атаң мен әжең бәрін жоққа асырып,
Қатеңді жетістіктен артық қылар.
Сондайда шаттанасың тасып жігер,
Туады орайлы сәт ашық күлер.
Әжеңнің бір ғажайып ғадеті бар
Бірдеме қалтасына салып жүрер.
Дүкендей қалтасы да кең көлемді,
«Не бар?..» – деп тез бастайсың сен де өлеңді.
Берері бала күнде кәмпит еді,
Есейіп өсе келе теңгеленді.

11.10.2008.
Астана


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері