Ақбетке

Бұл бетте «Ақбетке» атты Кәкімбек Салықов жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Ақбет тауы, алыпсың
Баянаула төсінде.
Өшпестей боп қалыпсың
Қаныш аға есінде.
Самғап ұшса сақ қыран,
Таңданды арқар, сілеусін.
«Бүркітбай» атты шаттық ән,
Сол еді-ау сенің тілеушің.
Тыңдап ем сұлу бұл әнді
Қаныш аға айтқанда.
Көңілге қайта сұранды
Ақбетті іздеп тапқанда.
Самырсын, терек, қарағай,
Ару-тау жұмақ етегі.
Жолаушыға қарамай,
Қанышты аңсап кетеді.
Бас ием мен де Қанышқа,
Сағынсаң сыйлы балам деп.
Ол ұшып жүр ғарышта
Ақбетті көріп қалам деп.
Келсеңші, Ақбет, иіліп,
«Бүркітбай» әнін салайық.
Аң мен құсты иіріп,
Қанышты еске алайық.

1996


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері