Қыз ұзату
Бұл бетте «Қыз ұзату» атты Оразбай Сарыбаев жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.
Қияда еркін өскен қызғалдағым,
Тағдыры қимастық қой қыз баланың.
Елжіреп, езіліп ет жүрегім,
Қия алмай жанарыңа көз қададым.
Аттадың жат жұрттың босағасын,
Гүлім-ау, көңілің еш босамасын.
Барасың аналардың жолын жалғап,
Қуантып екі елдің қос анасын.
Құсым-ай, сыңсып ұшқан көлімдегі,
Мөп-мөлдір жас тұнады көңілде енді.
Айналдым, қабағыңды мұң шалмасын,
Бақытың серік болсын өмірдегі.
Қол бұлғап қоштастың сен ұяңмен,
Еркемді енді жатқа қиямын мен?..
Құсым ең айдынымда еркін жүзген,
Айдыным сенсіз қалай тұнар екен?..
Өз ұяң, өзің өскен туған өлкең,
Күй төкті бүгін саған ақ тілекпен.
Қайта айналып келгенше, қош аман бол,
Алдыңнан ашсын сенің бағыңды, еркем.
Автор: Оразбай Сарыбаев
- Рымғали Нұрғалиев
- Серік Қирабаев
- Мұхтар Әуезов
- Міржақып Дулатұлы
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі