Бесік пенен бейіттің арасында

Бұл бетте «Бесік пенен бейіттің арасында» атты Қасымхан Бегманов жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

«Бесік пенен бейіттің арасында,
Қасымханжан, тарихта қаласың ба?» -
Деп сұрады ағамыз немқұрайлы,
Ақын аздай қазақтың даласында.
«Қаласың ба тарихта?» ойлы сұрақ,
Кернеп бара жатқандай бойды куат.
Қалғым кеп жүр тарихта Қасымхан боп,
Жақсы өлең жазылмай қойды бірақ.
Екінші әлі тынысым ашылған жоқ,
Сандықтағы талай жыр басылған жоқ.
Бұрын жарық көрмеген өлендерім -
Жүрегімнен халқыма шашылған от.
Бұрынғының соқпақты салтыменен,
Сырласамын Отанның халқыменен.
Жүріп өткен жерлерден қозғайын бір,
Жатырқама мені де, алтын өлең.
Қабар ит, не құлып жоқ есігімде,
Жұмысым жоқ
біреудің жесірінде.
Бейітке адам жасайды дайындығын,
Сонау сәби кезінде, бесігінде.

1979 ж.


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері