Наурыз тойы

Бұл бетте «Наурыз тойы» атты Қадыр Мырза Әли жазған мерекеге арналған өлең берілген.

Құтты болсын елімнің мерекесі-ай,
Кең далаңды тойыңа төр етесің-ай, елім-ай!
Алдыменен бұл мейрам, бұл мереке-ай,
Құдай берген халқымның берекесі-ай, елім-ай!

Қайырмасы:
Жерім – жұмақ жер екен
Елім – жұмақ ел екен.
Басталады наурыздан
Берекең мен-ай, мерекең!
Жерім – жұмақ жер екен,
Елім – жұмақ ел екен.
Басталады наурыздан
Берекең мен-ай, мерекең!

Бүкіл халық жиналған той алаңы-ай,
Қызыл гүлге қырмызы боянады-ай, елім-ай!
Қалғып кеткен қарттарың көзін ашып-ай,
Мүлгіп кеткен махаббат оянады-ай, елім-ай!

Қайырмасы.

Бақыт тұрсын алдыңда барғаныңда-ай,
Құшақ жайсын ару қыз, ардағың да-ай, елім-ай!
Жеткен кезде наурызға дүр сілкінер-ай,
Жұлдыздар да, үміт те, арманың да-ай, елім-ай!

Қайырмасы.


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері